Бокстан Болгарияның София қаласында өтіп жатқан дәстүрлі «Странджа» турнирінде Қазақстан құрамасы сәтсіз өнер көрсетуде, деп жазады Sportbugin.kz.
Кіші әлем чемпионаты саналатын биылғы бәсекеге Қазақстан ерлер құрамасы 19 боксшы апарған болатын. Соның ішінде 2 боксшы ғана жартылай финалға жолдама алды.
Ширек финалда үш боксшымыз өзбекстандық спортшыларға есе жіберді. Атап айтар болсақ, Сұлтанбек Айбаров әлем чемпионы Акмалжон Исроиловтан 0:5 есебімен жеңілді.
Нұрмагамад Юсупов Самир Собировтан 0:5 есебімен жеңілді. Сондай-ақ, ауыр салмақтағы Нұрлан Сапарбай өзбек боксшысы Озодбек Алиевтен 0:5 есебімен ұтылды.
Одан бөлек, Ертуған Зейнуллинов, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, Бағлан Кенжебек, Бекзат Таңатар, Дәулет Төлемісовтер ширек финалдан аса алған жоқ.
Жартылай финалда Нұржан Насанов шәкірттерінің арасынан 2 боксшы ғана өнер көрсетеді. Олар: Даниял Сәбит (50 келі), Фарух Тоқтасынов (70 келі).
