92kg FS - Azamat Dauletbekov (KAZ) df. Kamil Kurugliyev (KAZ)
Еркін күрестен Қазақстан құрамасы Тиранада (Албания) өткен рейтингілік турнирді үш қола жүлдемен аяқтады. Осы орайда, бас бапкер Данияр Қайсанов жылдың алғашқы бәсекесін қорытындылады, деп жазады Sportbugin.kz.
«Алғашқы жарысқа 12 балуан апардық, олардың ішінде үш спортшымыз қола медаль алды. Меніңше, бастамасы жаман емес. Биыл бұл турнирге әлемнің өте мықты балуандары жиналды. Мұндағы бәсекелестік деңгейі әлем чемпионатынан еш кем болған жоқ деп айта аламын. Әсіресе, олимпиадалық салмақ саналатын 86 және 97 келідегі белдесулер өте қарқынды өтті», — дейді бас бапкер.
Данияр Қайсанов ұлттық құрама балуандарының көрсеткішіне тоқталып өтті.
«Байқаған шығарсыздар, Болат Сақаев бұрынғыдай 79 келіде емес, 86 келіде күресті. Бұл — олимпиадалық салмақ және Болат осы салмаққа түбегейлі ауысты. Сақаев бірінші кезеңде әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері Борис Макоевті жеңді. Екінші айналымда Еуропа біріншілігінің үш дүркін қола жүлдегері, түркиялық Осман Гекченнен басым түсті. Кіші финалда жастар арасындағы әлем чемпионы Альп Арслан Бегенджевті ұтты.
70 келідегі Маис Әлиев те жақсы өнер көрсетті. Париж Олимпиадасының жүлдегері Ислам Дудаевты жарыс жолынан шығарды. Тек жартылай финалдағы қарсыласына соңғы секундта есе жіберіп қойды.
Ал Ризабек Айтмұханға келер болсам, ол жақсы күресті. Барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Жартылай финалдағы қарсыласы Абдулрашид Садулаев бабында екен. Бірақ Ризабектің осындай қарсыластармен белдесетін мүмкіндігі де, потенциалы да бар. Алда бізді көп жұмыс күтіп тұр», — деді бас бапкер Данияр Қайсанов.
Айта кетелік, Албаниядағы рейтингілік турнирде Болат Сақаев (86 келі), Азамат Дәулетбеков (92 келі) және Ризабек Айтмұхан (97 келі) қола жүлдегер атанды.
