Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Нұржан Насанов Olympic.kz сайтына берген сұхбатында жуырда өткен Странджа кубогын қорытындылады, деп жазады Sportbugin.kz.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасының боксшылары Странджа турнирінде бір алтын және бір күміс медаль жеңіп алды.
«Бұл жарысқа көптеген ел бірінші нөмірлі спортшыларын алып келді. Біз екінші және үшінші құрамдағы боксшыларға мүмкіндік бердік. Өзбекстан құрамасы да бірінші және екінші нөмірлі спортшыларын қосты. Оған қоса қатысушылар саны артып, бәсеке жоғары деңгейде болды.
Аталған турнир бізге қай тұста кемшілік барын, қай бағытта жұмыс істеу керектігін нақты көрсетті. Мәселен, 65 келі салмақта үш боксшыны сынап көрдім. 60 келіде Бейбарыс Жексен мен Руслан Күзеубаевқа мүмкіндік берілді. Өкінішке қарай, олар жарысты жеңіспен аяқтай алмады. Ауыр салмақта да кішігірім мәселелер бар. 80 келіде Санжарәлі Бегалиевті байқап көрдік, бірақ ол да жүлдеге жете алмады. Енді бапкерлер штабымен, федерациямен ақылдасып, шешім қабылдаймыз.
Дегенмен негізгі құрамға қосыла алатын жас спортшылар бар. Олармен әлі де жүйелі түрде жұмыс жүргізу керек. Сондай-ақ бұл жарыс боксшыларымыз үшін тәжірибе болды. Олар әлем және Олимпиада ойындарында жолығуы мүмкін басты қарсыластарын байқап көрді. Мен барлық спортшыға өздерін сынап көруге мүмкіндік бердім. Команданың әлеуетін саралап алдық. Енді соған сәйкес нақты бағытта жұмысты жалғастырамыз.», — дейді Нұржан Насанов.
