Германияда өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы академиялық ескек есуден әлем чемпионатында ел қоржынына қола медаль түсті, деп жазады Sportbugin.kz.
Жеңіл салмақтағы ерлер арасындағы жекелей сында Артём Матусевич мәреге үшінші болып жетіп, қола жүлдеге ие болды. Бұл — Қазақстан үшін осы жас санатындағы әлем чемпионатында академиялық ескек есуден жеңіп алған алғашқы медаль.
Жарыста бірінші орынды португалиялық Жоао Велосо иеленсе, екінші орынға Грекия спортшысы Ангелос Афанасиадис Каудис жайғасты. Матусевич іріктеу кезеңі мен жартылай финалда да екінші нәтиже көрсетіп, финалға жолдама алған.
Айта кетейік, қазақстандық спортшы былтыр Шанхайда өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатында 9-орын алып, үздік ондыққа енген.
