Өзбекстандық боксшы әрі жаттықтырушы Жавохир Журабеков белгілі журналиске қорқыту сипатындағы хабарлама жолдады, деп жазады Sportbugin.kz.
Журналист Ирина Матвиенконың айтуынша, Жавохир Журабеков оған: «Алла сені жазаласын, осы ісіңе өкінетін бол. Әр намазымда соны тілеймін», – деп жеке хабарлама жазған.
Бұл жағдай журналистің бұған дейін әлеуметтік желіде жұбайына қатысты зорлық-зомбылықты меңзейтін видео жариялаған өзбек боксшысы Солихжон Ибрагимовқа қатысты құқық қорғау органдарына шағымдануынан кейін болған.
Аталған видеода спортшы жаттығу видеосын жариялап: «Болашақ әйелім тек нақты соққылар алуы үшін жаттығып жүрмін» деген жазба қалдырған еді.
Кейін сот Солихжон Ибрагимовтың әрекетін зорлық-зомбылық пен қатыгездікті насихаттайтын контент ретінде бағалап, оған 24,72 миллион сум көлемінде айыппұл салды. Сонымен қатар, спортшының iPhone 15 Pro Max ұялы телефоны тәркіленген болатын.
