Біріккен күрес әлемі (UWW) Лос-Анджелес-2028 Олимпиадасына іріктеу кезеңіне арналған жаңа рейтингтік ұпай жүйесін бекітті. Жаңа ереже 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Жүйедегі басты өзгеріс — енді балуандар турнирдегі қорытынды орны үшін ғана емес, әр жеңген белдесуі үшін де қосымша ұпай жинайды.
Жаңа ережеге сәйкес, әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарында бірінші орын алған спортшыға 40 мың ұпай беріледі. Сонымен қатар әр жеңісі үшін қосымша 2 мың ұпай есептеледі.
Ranking Series санатындағы турнирлерде жеңімпаз 20 мың ұпай иеленсе, әр жеңісі үшін 1 мың ұпай қосылады. Ал құрлықтық чемпионаттар мен ойындарда бірінші орынға 10 мың ұпай, әр жеңіске 500 ұпай беріледі.
Олимпиадалық рейтингті есептеу кезінде спортшының жеті жарыстағы ең үздік бес нәтижесі ескеріледі. Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша әр олимпиадалық салмақ дәрежесіндегі рейтингтің үздік үш балуаны Олимпиада жолдамасына ие болады.
Сондай-ақ салмақ дәрежесінде қатысушылар саны сегізден аз болған жағдайда, турнирдегі алған орны үшін берілетін ұпай екі есе қысқартылады.
