![01](https://sportbugin.kz/wp-content/uploads/2025/02/01.jpg)
Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан қысқы Азия ойындарында Қазақстан қоржынына кезекті күміс медаль түсті, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Шаңғы акробатикасынан сынға түскен Асылхан Асан Азиаданың күміс жүлдегері атанды. Ол командаластары Шерзад Хаширбаев және Аяна Жолдаспен бірге аралас командалық сында күміс медаль жеңіп алды.
Бұл Асылханның әлемдік жарыстарда жеңіп алған алғашқы жүлдесі.
«Өте бақыттымын. Бұл менің халықаралық деңгейдегі алғашқы медалім. 15 жасымда осындай жетістікке жеткеніме қуаныштымын. Бапкерлеріме алғысымды білдіргім келеді.
Бұл спортқа мен 5 жасымда келдім. Айта кетерлік жайт, фристайл-акробатикамен менің үлкен әпкем де айналысқан. Өкінішке қарай, қазір ол мансабын аяқтады. Балалық шағымда әрдайым әпкеммен бірге спортзалға баратынмын.
Кішкентай кезімнен батутқа қызығатынмын. Біраз уақыт өткеннен кейін секцияға жазылуды шештім. Менің алғашқы бапкерім Эльмира Сабировна болды. Қызық, мен бастапқыда басқа бапкерге жазылуды ойлаған едім, бірақ Эльмира Сабировна мені өз тобына шақырды.
Азия ойындарында біз бапкеріміз қойған тапсырмаларды орындап, жетістікке жеттік. Алдағы уақытта FIS рейтингінде ұпай жинап, Олимпиада ойындарына қатысуға лицензия аламыз.
Ең басты арманым — Олимпиада ойындарында жүлдеге қол жеткізу. Алда көп жұмыс тұр, бірақ бапкеріміздің басшылығымен біз одан әрі дамып, нәтижелерімізді жақсартып, ілгері жылжуға тырысамыз», — деді Асылхан ҚР Ұлттық Олимпиада комитетіне берген сұхбатында.
Фото: Нұрғали Жұмағазы, Спортты дамыту дирекциясы