Дзюдодан Қазақстан командасының үздігі, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев өзінің үлкен спорттан әлі кетпейтінін айтты. Бұл туралы ол Sportbugin.kz тілшісіне берген шағын сұхбатында мәлімдеді.
— Ғұсман, Париж Олимпиадасынан кейінгі сұхбатың әлі есімде. «Жасым отыздан асты, үйіме, бала-шағам қарауым керек. Олимпиададан соң спортты қоямын», — деген едіңіз…
— Иә, қола медаль үшін өткен кездесу аяқталғанда солай дегенім рас. Бірақ одан бері алты ай өтті. Алты ай бойы демалдым. Алты ай бойы не фитнеске, не жаттығуға бармадым. Тек қана демалдым. Отбасыма көңіл бөлдім. Елдос екеуміз отбасымызды алып шетелде демалдық. Халық алақанында аялады. Бүкіл Қазақстан бойынша тур жасап, аралап қайттым десеп болады (күлді). Содан соң ойландым. «Әлі денсаулығым, күшім бар, неге күреспеске?»,- деген ой болды. Әлі де күресетін шамам бар. 92-жылғылар татамиден кеткен жоқ. Елдос та, мен де…
— Қазір жаттығу жиынын бастап кеттіңіз бе?
— Қаңтардан бері ұлттық құраманың екі жаттығу жиынына қатыстым. Наурыздың басына дейін бос емеспін. Әзірге, ірі жарыстардан бас тарттым. Әлемдік бәсекелерге нақты қашан қатысатыным белгісіз. Қазіргі басты мақсатым — нағыз бабыма ену.
— Қазақстан бойынша тур жасадым деп айтып өттіңіз. Халық сіздерден қолындағысын аямаған сияқты…
— Жанкүйердің, халықтың риясыз көңіліне рахмет. Шапаннан бастап, көлік пен пәтерге дейін берді. Бұл жақсылықты ешқашан ұмытпаймын.
Айта кетелік, Ғұсман Қырғызбаев дзюдодан 66 келі салмақ дәрежесінде Париж Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Ол 60 келі салмақта әлем біріншілігінің күміс жүлдесін иеленген.
Автор: Ақырыс Сейтқазы
Фото: Тұрар Қазанғапов