
25 ақпан күні Алматыда күрес түрлерінен Professional Wrestling League — PWL 8 турнирі өтеді. Биыл бұл бәсекеде алғаш рет америкалық балуандар да белдеседі, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
PWL турнирінде бақ сынайтын спортшылар қатарында Ризабек Айтмұхан да бар. Бұл бәсекеде ол Олимпиада чемпионы, америкалық Кайл Снайдермен күш сынасады.
Осы орайда, Sportbugin.kz тілшісі Ризабек Айтмұханның әкесі әрі жеке бапкері Қанат Жолдасбековтің пікірін сұраған болатын.
«Ризабектің дайындығы жақсы. Бұйырса, Кайл Снайдермен кездесуде шоу көрсетеді деп отырмыз. Снайдер де адам, оны да жеңуге болады. Сондықтан, еш қорқыныш жоқ. Барша жанкүйерді сол күні бізді қолдауға шақырамыз.
Биылғы маусымда Ризабек екі ірі жарысқа қатысады — Азия және әлем чемпионаты. Сол екі додада жақсы белдесу — біздің басты мақсатымыз», — деді Қанат Жолдасбеков.
Ризабек Айтмұхан еркін күрестен 92 келі салмақта әлем чемпионы, 97 келі салмақта жастар мен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінің жеңімпазы.