
Күрес түрлерінен Алматыдағы PWL-8 турнирі толығымен букмекерлік кеңсенің бас демеушілігімен өтті. Қазақстан күрес федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов мұны күрестегі демеушілер санының аздығымен түсіндірді, деп жазады Sportbugin.kz.
«Күресте демеушілер көп дей алмаймын. Ал спортшылардың оқу-жаттығу жиынын ұйымдастыруға, жарыстарға апаруға, дәрі-дәрмегін әперіп, жалақы төлеуге үлкен қаражат керек. Одан бөлек, спортшылар жеңіске жеткенде берілетін сыйақы бар.
Olimpbet букмекерлік кеңсесімен біраздан бері жұмыс істейміз. Букмекерлер туралы заң ҚР Парламентінде қаралып, жұмыс топтарында көп талқыланды. Қазір жастар букмекерлермен әуестеніп, қарызға кіріп кетіп жатады. Осындай жағымсыз жағы бар.
Біз көп жерде Olimpbet компаниясын насихаттамаймыз. Оны жекелеген жерлерде балуандарымыз насихаттай алады. Өйткені, заң бойынша шектеулер қойылды. Сол заң бойынша қарым-қатынастамыз бұл компаниямен», — деді Дәулет Болатұлы.
Айта кетелік, Қазақстан күрес федерациясы соңғы екі жыл көлемінде Olimpbet букмекерлік кеңсесімен бірлесіп жұмыс істеп келеді.