
Алматыда күрес түрлерінен 17 және 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында ел чемпионаты аяқталды. Екі мыңнан аса балуанның басын қосқан бәсеке ADD аренада өте жоғары деңгейде өтті. Бұған дейін жастар мен жасөспірімдер арасындағы ішкі жарыстар аудандық бәсекелердің көлемінен аспай қалатын. Бұл жолы Алматы қалалық күрес түрлері федерациясы балуандар додасын әлемдік турнирлерден кем өткізген жоқ. Себебі, федерация басшысы Омар Әлиев күрестің насихатына ерекше көңіл бөліп, чемпион шығаруды мақсат еткен. Sportbugin.kz тілшісі осыдан бір жыл бұрын Алматыдағы күрес тізгінін қолға алған маманмен кең көлемді сұхбат жасады.
— Омар мырза, бұған дейін ел ішінде өткен талай жарысты көрдім. Бірақ, биылғы турнирдің деңгейі бөлек екен. Жас балуандар ел чемпионаты емес, құдды әлемдік жарыстарда жүргендей күресті. Залдың безендірілуіне ерекше мән беріпсіз…
— Рас айтасыз, бұған дейін жастар мен жасөспірімдер арасындағы ел біріншіліктері қатардағы турнир секілді өтетін. Біз бұл стереотипті бұзғымыз келді. Алматыда жаңадан ашылған ADD аренаны жалға алдық. Жас балуандардың өте жайлы жерде күресуіне жағдай жасауға тырыстық. Белдесулер әдеттегідей үш емес, төрт кілемде өтті. Бұл бәсекеге грек-рим,еркін және әйелдер күресінен 17 және 20 жасқа дейінгі спортшылар қатысты. Қатысушылар қатары екі мыңнан асып кеткендіктен, белдесулер саны да өте көп болатыны анық. Сол себепті, кілем санын арттырып, тағы біреуін төседік. Залдағы LED экраннан отандық күрестің жарқын сәттері үздіксіз көрсетіліп тұрды. Көрермен де өте көп жиналды, марапаттау рәсімі де ірі жарыстардағы секілді, сән-салтанатпен өтті.
Қазақстандағы күрестің дамуына үлес қосқан бапкерлер мен спортшыларға арнайы шақырту жіберіп, төрден орын бердік. Тіпті, балуандарға көмектестетін еріктілерге де бірдей жейде кигіздік. Мұның бәрі турнирдің жоғары деңгейде өтуінен бөлек, еліміздегі күрес түрлерін кеңінен насихаттауға, аталған спорт түріне жастардың қызығушылығын арттыруға септік болары сөзсіз. Жас балуандар осы бастан өте ыңғайлы жерде күресіп, ірі турнирлердің рухын сезінсе, әлемдік жарыстарға барғанда өздерін өте еркін ұстай бастайды. Енді осы дәстүрді басқа өңірлер де жалғастырса деген тілегіміз бар.
— Бұл турнир көптеген жас балуанның жұлдызын жақты. Алматы қаласының өкілдері де құралақан қалған жоқ. Еркін күрестен U-20 балуандары арасында командалық есепте топ жарды. Осы көрсеткіш көңіліңізден шыға ма?
— Қазір менің алдымда үлкен мақсат тұр. Бұл – күрес түрлері бойынша қазақтан Олимпиада чемпионын шығару. Соған үлес қосу. Әлеуеті бар, көзінде оты бар бала шықса, соны демеп жіберу. Күресті дамытуға қандай да бір көмегім тисе деген оймен жүрген адаммын. Еркін күрестен 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында біздің команда топ жарды. Бұл қуанта ма? Әрине, қуантады. Грек-рим күресінен аса ауыр салмақта белдескен балуанымыз күміс медаль алды. Ол осыдан бір жарым ай бұрын кафеде даяшы боп жұмыс істеп жүрген. Бұрын күреспен айналысып, тастап кетіпті. Біздің бапкерлер оның талантын тап басып танып, залға алып келді. Нәтиже жаман емес. Финалда ол 7:0 есебімен алда келе жатқан. Тәжірибенің аздығынан ұтылып қалды. Ауыр салмақтағы балуандардың кілемдегі ғұмыры ұзақтау ғой. Оны әлі де шыңдаймыз.
Қазір бұл балуандар бас құрамаға қабылдану үшін де еңбектенеді. Оларды енді Азия, әлем деңгейіндегі жарыстар күтіп тұр. Соған дайындаламыз. Балуандардың алаңсыз жаттығуына қолымнан келгенше жағдай жасаудамын, әрі қарай да жасай беремін. Мәселен, біз елу балуанға арналған жатақхана аштық. Мұнда бар жағдай жасалған. Спортшылардың тамақтануына дейін бақылап отырамыз. Табиғи, дәруменге бай тамақ беруді басты орынға қойдық. Егер сенбесеңіз, өзіңіз келіп, дәмін татсаңыз болады (күлді). Спортшылар үшін тәртіп аса маңызды. Балуандарды жатақханаға шоғырландыру арқылы олардың аяқ алысып, ұйқысын, жаман әдеттен аулақ болуын да қадағалаймыз. Кәсіби спортшыға мұның бәрі керек! Арасында қазақтан шыққан танымал балуандарды қонаққа шақырып, олармен әңгіме-дүкен құрамыз. Алмат Кебіспаев, Асхат Ділмұхамедов, Расул Қалиев сынды даңқты спортшыларымыз өз тәжірибесімен бөлісіп тұрады.
— Ал балуандардың негізгі жаттығуы қай залда өтеді?
— Қазіргі таңда біз балуандарымыз жаттығатын күрес залдарын жалға алып жүрміз. Негізінен, «Достық» спорт кешенінде дайындалады жігіттер. Жалға алу ақысын да өзіміз көтереміз. Біз жалақыны да, жаттығуды да, сыйақыларды да өз қалтамыздан төлейміз. Бюджеттен бір тиын алған емеспіз. Өз қалтаманан шығарамын, жетпеген кезде, кәсіпкер достарымды көмекке тартамын. Мұны міндетсінбеймін де. Күресті көтеріп жіберу үшін бізге мәрт жігіттер керек-ақ.
Кейде федерация қызметкерлерінің де балуандардың жол жүру ақысын төлеп, түскі асын алып беретін кездері болады. Мұның бәрі күреске деген шын жанашырлықтан туындайтын нәрсе.
Бізге қазір күрес академиясы ауадай қажет. Егер күрес академиясы салынса, балуандардың жаттығуы реттелер еді. Зал іздеп, кілем іздеп, сабылмайтын едік. Чемпиондарымыз да көбеюші еді. Содан соң, күресті орталықтандыратын мүмкіндік туады. Мәселен, балуандардың басым бөлігі Алматыда жаттықса, олар басты қарсыластарымен жиі кездесіп тұрады. Спаррингтік белдесулер де көп өтеді. Ал қазір ел ішінде жарыс жоқ, бір салмақтағы басты балуандар бір-бірімен ел чемпионfтында немесе ел кубогында бір кездеседі. Бұл бәсекелестіктің артуына да айтарлықтай кедергі.
— Сіздің күреске жанашыр екеніңізді байқадық. Мүмкін, күрес академиясы немесе балуандарға қолжетімді зал саларсыз?
— Өзім Алматыда туып-өстім. Қаланың әр бұрышы таныс маған. Мұндай ой жоқ емес, бар. Қазір орталық стадион аумағындағы тарихи манежді байқап жүрмін. Күйі кетіп қалған. Жөндеу жоқ. Сол ғимарат бойынша қалалық әкімдікпен келіссөз жүргізіп жатырмын. Ғимарат мемлекет меншігінде қала берсін. Тек жақсылап жөндеп, қаражат құйып, балуандар еркін дайындалатын жерге айналдырғым келеді. Әзірге, осыған қатысты жауап күтудемін.
— Айтпақшы, еркін күрестен қалалық командаға әзербайжандық маманды шақырыпсыз. Өзіңізде Еркебұлан Кешубаев сынды мықты бапкер бола тұра, неліктен мұндай қадамға бардыңыз?
— Иә, үш айдан бері әзербайжандық Абиль Ибрагимов біздің командада жүр. Ол жақсы балуандарды дайындаған тәжірибелі маман. Командада кеңесші қызметін атқаруда. Абильді шақырып алып, Кешубаевты алып тастағанымыз жоқ. Еркебұлан да әлем чемпионын шығарған мықты бапкер. Ол бұрынғыдай өзінің қызметін атқара береді. Егер өз ісінің шебері, білікті маман болса, елге әкеліп өзіміздің спортшылар мен бапкерлерге неге үйретпеске?! Біз бапкерлерімізді бөліп-жарып, жұмысынан айырып отырғанымыз жоқ. Біздің міндетіміз – шетелдік маманды мейілінше пайдаланып, үйрену. Біз оларға ақша төлеп қана қоймай, міндеттеме талап етеміз. Күресте онсыз да кикілжің көп қой. Сондықтан, бұдан шу шығармай, бапкерлерді бірлесіп жұмыс істеуге шақырдым. Өйткені, ауызбіршілік, командадағы атмосфера аса маңызды. Бапкерлердің мүддесі бір жерден шыққанда ғана, нәтиже жақсы болады. Абиль балуандардың базалық бейімділігін жақсарту үшін жұмыс істейді. Сырттан келді десек те, біраздан бері Қазақстанда жұмыс істеп жүрген маман.
— Былтыр әлем чемпионы атанған Нұрғожа Қайпанов та Алматы қаласына ауысуы мүмкін деген сыбыс бар. Бұл қаншалықты рас?
— Нұрғожа мықты балуан. Бірақ оны аттай қалап, шақырғаным жоқ. Алматыға ауысу туралы балуанның өзі ниет білдірді. Ол ұзақ жылдар бойы Солтүстік Қазақстан облысының атынан күресті. Ресми түрде сол жақта тіркелген, жалақыны да сол жақ төлейді. Нұрғожа бізге ауысып келген жағдайда да, оған жалақы төлемейтінімді айттым. Өйткені, Алматыда 2 мың балуан бар. Олардың барлығы менің бақылауымда, бәрін қамтуым керек. Кім әлем чемпионы болады, соған осынша қаржы төленеді деп ресми түрде бекітілген. Одан артық ақша төлемеймін. Бюджеттен көк тиын алмаймыз, мұның бәрі — демеушілердің арқасы. Ал оларды өзіміз іздеп табамыз. Өзіңіз білетіндей, федерация спорттың дамуына жұмыс істейді. Ал жетпеген ақшаның жолын табуға тырысамыз.
Негізі, көп балуандар Алматыда күрескісі келеді. Себебі, зал бар, спарринг әріптестер бар. Халықаралық рейстерден ұшып келуге де ыңғайлы. Бұл мәселе әлі толық шешілген жоқ. Спорт басқармасымен де, бапкерлерімен де өзі сөйлесіп жатыр. Жанұясы, үйі осы жерде болғандықтан, Қайпановқа Алматыда күресу ыңғайлы болып тұрған сияқты.
Автор: Ақырыс Сейтқазы