
Еркін күрестен әлем чемпионы Нұрғожа Қайпанов Алматы қаласына ауысуы мүмкін, деп жазады Sportbugin.kz.
Алматы қалалық күрес федерациясының президенті Омар Әлиевтің айтуынша, балуанның өзі Алматы атынан күресу туралы өтініш білдірген. Бірақ бұл мәселе әлі нақты шешімін тапқан жоқ.
«Нұрғожа мықты балуан. Бірақ оны аттай қалап, шақырғаным жоқ. Алматыға ауысу туралы балуанның өзі ниет білдірді. Ол ұзақ жылдар бойы Солтүстік Қазақстан облысының атынан күресті. Ресми түрде сол жақта тіркелген, жалақыны да сол жақ төлейді.
Нұрғожа бізге ауысып келген жағдайда да, оған жалақы төлемейтінімді айттым. Өйткені, Алматыда 2 мың балуан бар. Олардың барлығы менің бақылауымда, бәрін қамтуым керек. Кім әлем чемпионы болады, соған осынша қаржы төленеді деп ресми түрде бекітілген. Одан артық ақша төлемеймін. Себебі, бюджеттен көк тиын алмаймыз, мұның бәрі — демеушілердің арқасы. Ал оларды өзіміз іздеп табамыз. Өзіңіз білетіндей, федерация спорттың дамуына жұмыс істейді. Ал жетпеген ақшаның жолын табуға тырысамыз.
Негізі, көп балуандар Алматыда күрескісі келеді. Себебі, зал бар, спарринг әріптестер бар. Халықаралық рейстерден ұшып келуге де ыңғайлы. Бұл мәселе әлі толық шешілген жоқ. Спорт басқармасымен де, бапкерлерімен де өзі сөйлесіп жатыр. Жанұясы, үйі осы жерде болғандықтан, Қайпановқа Алматыда күресу ыңғайлы болып тұрған сияқты», — деді Әлиев.