
Еркін күрестен әлем чемпионы, Азия біріншіліктерінің жеңімпазы Нұрқожа Қайпанов бұдан былай Алматы қаласының атынан күреседі. Бұл туралы Sportbugin.kz тілшісіне Қайпановтың өзі мәлімдеді.
«Бүгінге дейін Солтүстік Қазақстан облысының атынан күресіп келдім. Бапкерім Аян ағай да сол жақтан. Бірақ СҚО атынан жалақы алғаным болмаса, бар уақытым Алматыда, жаттығу жиындарында өтеді. Отбасым, бауырларым да осы Алматыда тұрады. Сондықтан, Алматыға ауысамын деп өтініш берген өзім. Ешкім мені күштеп шақырған жоқ. Бұл жақта маған жалақы да төлемейді. Десе де, осында ауысқанды жөн көрдім. Артымда бауырларым өсіп келеді. Соларға бас-көз болуым керек. Болашақта осыннан пәтер алу, артымнан ерген бауырларыма көмектесу ойымда. Алматы орталық болған соң, осында күресемін деп шештім», — деді Қайпанов.
Нұрқожа бұрынғы бапкерімен жұмысын жалғастыра беретінін айтты.
«Аян ағаймен әрі қарай да жұмыс істей беремін. Осында Камал ағай да бар. Аян ағайым мені бала күнімнен бастап жаттықтырған. Ең қиын кезеңдерде қасымда болып, менің барлық мәселемді шешіп жүрген жан ғой. Ол кісіге алғысым шексіз. Алматыға ауыссам да, Аян ағаймен байланысым тоқтамайды», — деді балуан.
Нұрқожа Қайпанов еркін күрестен 70 келі салмақта 2023 жылы әлем чемпионы атанды.