
Қазақстандық таеквондо (WT) Федерациясының логотипі жаңартылды, деп хабарлайды ұйымның баспасөз қызметі.
Жаңа логотип қазіргі заманғы стиль мен дәстүрлі элементтердің үйлесімін көрсетіп, Федерацияның имиджын жаңартуға және халықаралық аренадағы мәртебесін арттыруға бағытталған.
Логотиптің дизайнында қатаң, бірақ элегантты сызықтар мен стильдер қолданылған, бұл таеквондоның динамикасы мен күшін, сондай-ақ Федерацияның ресми мәртебесін айқындайды.
«Жаңа логотипіміз федерацияның үздік болуға деген талпынысын, спортшыларды биік белестерге жетелейтін жігерін және Қазақстанда таеквондоны кеңінен насихаттауға бағытталған ұмтылысын айқындайды. Қара белбеу – таеквондо спортындағы ең жоғарғы даңқ. Ол – шеберліктің, жетістікке жетудің белгісі. Қара түс барлық спектрдің түстерін біріктіреді, атап айтқанда, қара белбеу иесінің барлық белбеу дәрежелерінен өткенін, яғни ақтан бастап қызылға дейінгі жолды жүріп өткенін көрсетеді. Бұл тек физикалық жетілу ғана емес, сонымен қатар таеквондоның философиясы мен рухын терең түсіну, оның мәдениеті мен этикетін меңгеру деген сөз. Қара белбеу – ішкі күш пен тәртіптің символы», — деді Қазақстандық таеквондо (WT) федерациясының бас хатшысы Арал Садықов.
Жаңа логотип енді Федерацияның барлық ресми платформаларында, алдағы іс-шараларда және жарыстарда қолданылады.