
Еркін күрестен Париж Олимпиадасының чемпионы, жақында Еуропа чемпионатында топ жарған Магомед Рамазанов Болгария құрамасында қысымға ұшырауда. Бұған экс-ресейлік спортшының орыс тілінде сөйлеуі себеп, деп жазады Sportbugin.kz.
Магомед Рамазанов 2022 жылы Ресей құрамасынан Болгарияға ауысып, Олимпиада чемпионы атанған еді. Жақында Словакияда өткен Еуропа чемпионатында Магомед тағы да мықтылығын мойындатып, алтын медаль иеленді. Алайда, балуанды күтіп алуға Болгария күрес федерациясынан ешкім келмеген.
Оған себеп — Рамазановтың әлі күнге дейін болгар тілін үйренбей, орысша сөйлейтіні. Сондай-ақ, Болгария күрес федерациясы шетелден келген балуандармен қоштасып, өз спортшыларын дайындау туралы үлкен мақсат қойған.
Бұл елдің күрес федерациясы тізгінін Олимпиаданың екі дүркін күміс жүлдегері Станка Златева қолға алды.
«Біз Болгарияда тұрамыз. Ал бұл жігіт Ресейден келген, орысша сөйлейді. Біз оның ең құрығанда ауызекі тілде болгарша сөйлеуін мақсат етіп отырмыз», — дейді Златева.
Қазақстанға да талай легионер балуандар келіп, кетіп жатыр. Өкінішке қарай, біздің басшылар ешкімге бұлай талап қоя алмайды. Тек қазақшаны өз еркімен үйреніп алған Нұрислам Санаев қана бар.