
Астанада өтіп жатқан күрес түрлерінен Қазақстан кубогында еркін күрестен ұлттық құраманың бас бапкері Мадияр Құрамысов Sporbugin.kz тілшісіне сұхбат берді. Бас бапкер жарысты қорытындылап, кейбір балуандарға жеке-дара тоқталды.
«Бұл бәсекеге Қайпанов қатысқан жоқ.Нұрқожа өткен жылғы әлем біріншілігінде 70 келіде белдескен еді. Соның салдарынан ішкі ағзаларына салмақ түсті. Чемпионаттан кейін бірден емделді, артынша Азия чемпионатына қатысып, алтын медаль жеңіп алды. Біз оған толық сауығуға уақыт беріп отырмыз. Қазір емін жалғастыруда», — дейді бапкер.
Мадияр Құрамысов 97 келіде чемпион атанған Бекзат Үркімбайға тоқталды.
«Бекзатты 2017 жылы жастар құрамасының бас бапкері болып жүрген кезімде таныдым. Жаман жігіт емес. Бірақ сырт елдерге шыққанда белдеспей, тұрып қалатын кездері бар. Алда Түркия мен Венгрияда турнир өтеді, сонда байқап көреміз. Егер тағы да күреспей тұрып қалатын болса, әлем чемпионатына Ризабекті апармыз», — деді ол.
Бұған дейін Қазақстан күрес федерациясының вице-президенті Дәурен Еркінұлы кубок жеңімпаздарының тікелей әлем чемпионатына жолдама алатынын айтқан еді. Бас бапкер бұл пікірмен келіспейтінін айтты.
«Әр салмақта 2-3 үміткеріміз бар. Қазақстан кубогының жеңімпазы бірден әлем чемпионатына барады деуге әлі ерте. Дегенмен, 99% сол балуанның мүмкіндігі басым. Бірақ алда әлі жарыстар бар, басқа балуандар да өз мүмкіндігін пайдаланып қалуы мүмкін, — деді Құрамысов.
Сондай-ақ, Мадияр Құрамысов аса ауыр салмаққа ауысқан Әлішер Ерғали мен легионер Начын Куулар туралы пікірін жеткізді.
«Әлішерді Олимпиада алдында 125 келіге ауыстырғанбыз, бірақ кейін 97 келіге қайта түсірдік. Өкінішке қарай, Олимпиадада жолы болмады. Енді қайтадан 125 келіге көшті, бірақ физикалық тұрғыдан әлі толық дайын емес. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Азизов сынды жас балуандар да біртіндеп бабына еніп келе жатыр. Бұл — ұзақ процесс.
Начын Куулардың Қазақстан азаматтығын алғанына екі-үш жыл болды. Сондықтан біз оған заң жүзінде шектеу қоя алмаймыз. Азаматтық алғаннан кейін ол да — біздің балуан», — дейді бас бапкер.
Автор: Ынтымақ Ынтызарқызы
Фото: Сали Сабиров