
Астанада өтіп жатқан бокстан Әлем кубогының алғашқы айналымдары қазақстандықтар үшін сәтті аяқталды. Бір күнде бірнеше отандасымыз қарсыластарынан басым түсіп, келесі кезеңге жолдама алды, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Махмуд Сабырхан (55 кг) — айқын басымдықпен ширек финалда
Әлем чемпионы Сабырхан алғашқы жекпе-жегінде Оңтүстік Кореялық Жаеонг Шингке еш мүмкіндік қалдырған жоқ. Жекпе-жек барысында қарсыласын екі рет нокдаунға жіберіп, 5:0 есебімен жеңіске жетті. Енді ол 3 шілде күні ширек финалға шығады.
Әнел Сақыш (54 кг) — Азия чемпионына қарсы жол ашты
Германиялық Татьяна Обермайерден айласын асырған Әнел Сақыш екінші айналымда Өзбекстан спортшысы, Азия чемпионы Феруза Қазаковаға қарсы тұрады.
Виктория Графеева (60 кг) — Жапония өкілін жарыс жолынан шығарды
Әлем чемпионатының күміс жүлдегері алғашқы айналымда Аяка Тагучиден (Жапония) басым түсіп, келесі кезеңге жолдама алды. Бұл салмақта бәсеке өте тартысты болмақ.
Наталья Богданова (70 кг) — Азия жүлдегерінен озды
Үндістандық Санама Чануды (жастар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері) жеңіп шыққан Наталья келесі кезеңде Панамерика ойындарының чемпионы Мария Дос Сантоспен кездеседі.
Бұл нәтижелер Қазақстан құрамасының алғашқы күннен-ақ сенімді бастама жасағанын көрсетті. Алда — негізгі кезеңдер мен шешуші жекпе-жектер. Жерлестеріміздің шаршы алаңдағы тартысы жалғасады.
Ақмерей Уалиханқызы