
Батыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов спорттан неге кеткенін айтып берді. Бұл туралы ол Aqyrys Seitqazy YouTube арнасында айтты, деп жазады Sportbugin.kz.
Айтуынша, дзюдодан мемлекеттік қызметке бірден ауысып кетпеген. 2014 жылға дейін спортта жүріп, Қазақстанның ұлттық құрамасында болған.
– 2014 жылы денсаулығыма байланысты спорт мансабымды тоқтаттым. Бір жыл демалған соң қазақ күресіне қатысып, онда аз уақыттың ішінде спорт шебері және халықаралық дәрежедегі спорт шеберінің нормативін орындап, Азия чемпионаты, «Еуразия барысы» сайыстарына қатыстым. Сондықтан дзюдодан кейін қазақ күресінде күресуім оңай болды, – дейді Бақдәулет Сәбитов.
Оның сөзінше, мемлекеттік қызметке келуіне Сәрсен Абайұлы себепкер болған.
– 2016 жылы Қазақ күрес федерациясына менеджер керек деген ұсыныс түсті. Әжібаев деген тренер «Бақдәулет барып көрші» деді. Оған Сәрсен Абайұлы деген ағам «Барып көрші, таныс, істейтін болсаң істеп кетесің» деді. Сұхбаттасудан өтіп, сынақ мерзімін берді. Бірден кірісіп кеттік. Күресіп жүрген соң сол саланың адамдарын танимын. Сөйтіп 2021 жылдан кейін сол жердің бас хатшысы болдық. Артынан қазақ күресі ассоциациясы құрылды. Онда дамуы жөніндегі директоры болдық. 2022 жылы Дәурен Әскербекұлы министр болып тағайындалғанда соған бағынысты ұлттық және ат спорты орталығының директоры болып, үш жылға дейін басқардым. Дүниежүзілік көшпенділер ойнын екі рет өткіздік. Үш жылдан кейін Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік қызметкері болып шыға келдік. Бар баспалдақ осы, – деді ол.