
Ауыр атлетикадан жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл ұлттық құрамадағы қытайлық легионерлердің жалақысы туралы сөз қозғады. Бұл туралы журналист Ақырыс Сейтқазының YouTube арнасына сілтеме жасаған Sportbugin.kz хабарлайды.
«Қазір шетелден спортшылар әкелуге тыйым салынып жатыр ғой. Мен спортта жүрген кезде өз елімізде туған адам емес, басқа жақтан келгендерге басымдық берілетін.
Олар да ерігіп келген жоқ. Ақша керек, олар да отбасылы адам. Байдың баласы мұндай спортқа келмейді. Бокс, күрес, ауыр атлетикаға ауылдың қара нан жеп өскен ауыл балалары келеді.
Сол кезде шектеу болмады. Бірақ олар (шетелден келген спортшылар — ред.) бәрібір бізден көп айлық алатын еді. Олимпиададан медаль әкелсем де, мен көп жалақы алмадым. Ал олардың (легионерлердің — ред.) айлығы зор еді.
Жылдың басында келісімшарт жасағанда, жалақым 400 мың теңге болды. Таза қолға тиетіні — осы. Бірақ мамыр айынан соң бұл айлық екі есеге қысқарып, тек 200 мың теңге аласың. Бапкерлер мұны ақша жоқ деп түсіндірді. Ал бапкер болып жұмыс істей бастағандағы алғашқы айлығым — 85 мың теңге болатын», — деді Жазира Жаппарқұл.