
Венгрия астанасы Будапештте күрес түрлерінен рейтингілік турнир аяқталды. Бұл сында Қазақстан құрамасы жалпы есебі 7 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Қонысбек Төкенов жаттықтыратын грек-рим күресінің өкілдері үш рет тұғырға шықты.
55 келіде Марлан Мұқашев күміс жүлдегер атанды. Ол финалда ресейлік Эмин Сефершаевқа есе жіберді. 63 келіде Ержет Жарлықасын, 130 келіде Әлімхан Сыздықов турнирдің қола медалін жеңіп алды.
Әйелдер күресінде Нулифар Раимова (57 келі) мен Эльмира Сыздықова (76 келі) қола медаль тағынды. Ал команда үздігі Жәмила Бақбергенова 72 келі салмақта турнирдің күміс жүлдесін еншіледі.
Еркін күрестен Қазақстан құрамасы Будапешттегі турнирден бір ғана медаль олжалады. 61 келіде Асылжан Есенгелді үздіктер қатарына қосылып, қолаға қол созған болатын.
Енді ұлттық құрама балуандары Германия мен Польшада өтетін халықаралық жарыстарға дайындалады.