
45kg GR - Kuanyshbek Zhangazhol (KAZ)
Грек-рим күресінен 17 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатында топ жарған ақтөбелік Қуанышбек Жаңажолға жерлес ағалары 20 бас жылқы сыйлады. Бұл туралы Sportbugin.kz хабарлайды.
Грекияның Афина қаласында өткен U17 әлем чемпионатында Ақтөбе спортының өкілі Қуанышбек Жаңажол чемпион атанды. Ол Қазақстан құрамасына осы әлемдік бәсекедегі жалғыз алтын жүлдені сыйлаған болатын.
Жергілікті спортшының бұл жетістігін ақтөбелік жылқышылар ерекше бағалады. «Қазағымның жылқысы» атты топ құрған жылқышылар қауымы Қуанышбектің жеңісіне орай оған 20 бас жылқы тарту етті. Ал оның екі бапкеріне бір-бір жылқы мен ақшалай сыйақы табыстаған.
Күрес жанашыры Данияр Ғалихановтың айтуынша, «Қазағымның жылқысы» WhatsApp тобында жиналған 600-ге жуық жылқышы спортта жоғары нәтиже тіркеген спортшыларды осылай марапаттап келеді.
«Бұл бастама біраз уақыттан бері жүзеге асып келеді. Мақсатымыз – үлкен спортта жетістікке жеткен спортшыларымызды қолдау, жігерлендіру. Күн-түн демей жаттығып, үйінің бетін көрмей, әлемдік аренада ел намысын абыроймен қорғап жүрген жастарымызға кішкене де болса құрметімізді көрсеткіміз келді. Жақында Олимпиаданың алғашқы астанасы Афина қаласында біздің жас балуанымыз – Қуанышбек Жаңажол чемпион атанып келді. Соңымыздан ерген інімізге 20 бас жылқы сыйға тарттық. Бапкерлері де елеусіз қалмады», — дейді Ғалиханов.
«Қазағымның жылқысы» WhatsApp тобының мүшелері жергілікті спортшылардан бөлек, әлемдік деңгейде жүлде алып жүрген қазақ балуандарына да жылқы үлестіріп келеді. Бұған дейін ақтөбелік жылқышылар еркін күрестен әлем чемпиондары Ризбек Айтмұхан мен Нұрғожа Қайпановқа 20 бастан тұлпар сыйлаған.
«Шамамыз жеткенше, қазақ намысы үшін жанын салып жүрген ұл-қыздарымызға осылай қолдау беріп жатырмыз. Ал күрес түрлерінен бес жас санаты бойынша өткен Қазақстан чемпионатында көзге түскен балуандарымыздың бәрін осылай қолдаймыз. Күрес ардагерлері мен бапкерлерін де ұмыт қалдырмауға тырысамыз. Бүгінге дейін жалпы есебі 143 бас жылқы сыйладық», — дейді Данияр мырза.
Айта кетелік, Ақтөбе өңірінің жылқышылары елімізде жомарттығымен танымал. Олар еш жерден жалақы алмай, өз тіршіліктерін дөңгелетіп отырған қарапайым адамдар. Бірақ қазақтың біртуар ұл-қыздарына құрмет көрсетуді олар дәстүрге айналдырған.