
Әйелдер күресінен Қазақстан командасының үздігі Жәмила Бақбергенова өзінің жездесінің қоластында жаттығуда. Бұл туралы ол журналист Ақырыс Сейтқазыға берген сұхбатында мәлімдеді, — деп жазады Sportbugin.kz.
Жәмила Бақбергенованың жеке бапкері — Нұрсұлтан Теміров. Ол Жәмиланың сыңары Мадина Бақбергенованың жұбайы. Бірнеше жылдан бері Жәмила жездесінің қоластында жаттығады.
«Мен үшін бұл шешімді Мадина қабылдады. «Екеуміз бірге бастаймыз, екеуміздің бапкеріміз Нұрсұлтан болады», — деді. Аллаға шүкір, бұған еш өкінгенім жоқ. Жездем болған соң, кейде ренжіп қаламын. Қатты сөйлеп қалатыны бар, оны көтере алмаймын. Енді ол қыздарды жаттықтырып көрмеген. Кейде дауыс көтерсе: «Мен саған ұл емеспін ғой», — деп ренжіп қаламын. Ал үйде жүргенде ол өте қалжыңбас, ақкөңіл. Сондай сәттерде мен тым еркелеп кетем, мүмкін, мен тез жиналсын деп қатты айтатын шығар.
Бірақ оған ризамын. Өйткені, Нұрсұлтан әрдайым мені қорғап шығады. Ешқашан мені ыңғайсыз жағдайға қалдырмайды. Тіпті, менікі дұрыс болмаса да, көпшілік алдында менің сөзімді сөйлейді. Сосын, үйге келген соң ған менің қателіктерімді айтады. Мені үнемі қолдайтыны, қорғайтыны ұнайды», — деді Жәмила.