
Әйелдер боксынан Париж Олимпиадасының чемпионы, алжирлік Иман Хелиф биылғы әлем біріншілігінен шеттетілгені үшін Спорттық арбитражды сотқа жүгінді, деп жазады Sportbugin.kz.
Иман Хелифтің жынысына қатысты дау тоқтайтын емес. World Boxing алжирлік Олимпиада чемпионын Ливерпульдегі әлем чемпионатынан шеттетті. Бұған спортшының гендерлік тесттен өтпегені себеп болған. Әлемдік ұйым мамыр айында барлық спортшы жарысқа қатысу үшін гендерлік тесттен өтуі тиіс екенін мәлімдеді.
Осы орайда, Иман Хелиф бұл шешімге қарсылық білдіріп, Спорттық арбитражды сотқа (CAS) жүгінген.
Айта кетелік, Иман Хелифтің жарыстарға қатысуына IBA қарсы болған. Алайда, ХОК спортшыны Париж ойындарына еш қиындықсыз қатыстырды.
Ал Олимпиада ойындарынан кейін француз журналисі Джаффар Айт Аудиа Иманның гендерлік тестінің нәтижесін жариялады. МРТ нәтижесінде оның жатыры мен ішкі жұмыртқаларының жоқтығы және тестостерон мөлшері ерлердікімен бірдей екені анықталды.