
Жүзуден Голландия құрамасының мүшесі, Париж Олимпиадасы мен әлем чемпионатының қатысушысы Шон Ниволд Қазақстан атынан сынға түскісі келеді. Бұл туралы Sport-pulse.kz сайтына сілтеме жасаған Sportbugin.kz хабарлайды.
Шон Ниволд — 100 метрге еркін әдіспен жүзуден Голландия чемпионы, Нидерланд командасының сапында эстафетадан әлем чемпионатында бестікке енген.
Шонның анасы — Эльмира есімді атыраулық қазақ қызы. Әкесі — голландтық. Ата-анасы Атырауда танысып, кейін Әзербайжанда, Ливияда, Дубайда тұрған. Сегіз жылдан бері Шон Голландияда өмір сүруде.
«Менің анам — қазақ. Ол мені қазақша еркелетеді. Қазақтың бешбармағын, палауды, бауырсақты жақсы көрем. Дубайға барғанда қазақ мейрамханаларына жиі соғамын. Анамның туыстары көп емес, Астанада әпкесі тұрады.
Мен жүзуден Қазақстан құрамасының намысын қорғағым келеді. Алайда, Қазақстанда спорттық азаматтық берілмейді. Егер Қазақстан паспортын алсаң, Голландия азаматтығынан бас тартуға тура келеді. Ал бұл елдің паспорты өте күшті, мүмкіндіктері көп. Әлем чемпионатына барғанда қазақстандық мамандарды тауып алып, азаматтық туралы сөйлестім. Менің жаным — қазақ. Бойым 202 см, ұзындығым нағашы атама тартқан», — дейді Шон.