
Қазақстандық жанкүйерлер әлем чемпионаты қарсаңында салмақ ауыстырған Олимпиада чемпионы, өзбекстандық Асаходжа Муйдинходжаевты сынға алды, деп жазады Sportbugin.kz.
Асаходжа Муйдинходжаев Париж Олимпиадасында 71 келі салмақта топ жарды. Алайда, биылғы әлем чемпионатына ол 65 келі салмақта қатысады.
Қазақ жанкүйерлері Асаходжаны 70 келіде жұдырықтасып, осы салмақта ел намысын қорғайтын Төрехан Сабырханмен кездеседі деп күткен болатын. Кейін желі қолданушылары Муйдинходжаевты жеңіл салмаққа Төреханнан «қашып кетті» деп топшылады.
«Төреханнан қорқып қалды», «Төреханнан қашты-ау», «Аз уақытта қалай салмақ қуып үлгереді», «Шаршап қалмай ма?», — деп жазды желі қолданушылары.
Айта кетелік, бокстан Ливерпульдегі әлем чемпионаты бүгін, 4 қыркүйек күні басталады.