
Танымал спорт журналисі Есей Жеңісұлы бокстан Ливерпульдегі әлем чемпионатын қорытындылай келе, боксшыларымызды қорғау керектігін ескертті. Бұл туралы ол Ақырыс Сейтқазының YouTube арнасына берген сұхбатында айтты, деп жазады Sportbugin.kz.
Есей Жеңісұлы кейбір боксшыларымыздың жеңісі басқаның еншісінде кеткеніне қатысты пікірін айтты. Журналистің пікірінше, әлемдік ұйымда боксшыларымызды қорғайтын адам кереке.
«Головкин қазір World Boxing комиссиясының басшысы. Ол боксты Олимпиада бағдарламасында сақтау үшін жұмыс істеп жүр.
Айналамыздағы бір халық сондай әдіске жүгінеді екен. Ендеше, «ондай жоқ» деп отырмай, біз де сақтануымыз керек. Ол Геннадий Головкин бола ма, кезіндегі Бекет Махмұтов сияқты тұлғалар бола ма, бәрібір. Мысалы, әлем чемпионатында түрік төрешесінің Айбек Оралбай мен Назым Қызайбайдың нәтижесін бұра тартқаны бар. Осының бәрінің алдын алу керек.
Өзіңіз қараңыз, Олимпиада кезінде Асланбек Шымбергенов те, Махмұд Сабырхан да 3:2 деген есеппен жеңілді. Мұндай кездесуде жеңісті екі боксшыға да беруге болады. Сондай кезде бізді қорғайтын адам керек. Бейбарыс Жексенді жеңілмеді деп отырмыз. Егер жеңілмеген болса, табанға таптатпайтын қорғаныс керек.
«Гена басында не істеп жүр?» деген сұрақ та дұрыс. Егер осы тенденция жаңадан ашылған World Boxing ұйымында да болса, онда бізге сақтану керек», — деді Есей Жеңісұлы.
Фото: Сали Сабиров