Бокстан 2023 жылғы әлем чемпионы, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай жаңа салмаққа ауысады, деп жазады Sportbugin.kz.
Бұл туралы бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов журналист Қанат Байұзақовқа берген сұхбатында айтты.
«85 келіге Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай ауысқалы жатыр. 90 келіде Сағындық Тоғамбай көшбасшы болып қала береді. Дәулет Төлемісов те 90 келіге көтеріліп қалуы ықтимал. +90 келіде жас боксшымыз Аслан Елдібайұлыдан зор үміт күтеміз. Өкінішке қарай, ол Қазақстан чемпионатында қолын сындырып алып, Өзбекстандағы оқу-жаттығу жиынына қатыса алмай қалды. Енді 2026 жылы АҚШ-тағы оқу-жаттығуға баратын тізімге қосамыз», — деді бас бапкер.
Айта кетелік, Нұрбек Оралбай 80 келі салмақта әлем чемпионы атанып, Олимпиаданың күмісін иеленген болатын.
Ливерпульде өткен World Boxing әлем чемпионатында Нұрбек өзбек боксшысынан жеңіліп, жүлделі орынға іліге алған жоқ.
