Франция астанасы Парижде дзюдодан жылдың алғашқы ресми додасы — Grand Slam бәсекесі аяқталды. Соңғы жарыс күнінде екі қазақ балуаны қола жүлдегер атанды, деп жазады Sportbugin.kz.
81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Абылайхан Жұбаназар үздік үштіктен көрінді. Ол турнир барысында Дания, АҚШ және Жапония спортшыларын жеңіп, жартылай финалда әзербайжандық Зелим Цкаевқа есе жіберді. Қола медаль үшін кездесуде Абылайхан австриялық балуаннан басым түсті.
Бұл Абылайханның Grand Slam додаларында жеңіп алған жетінші жүлдесі.

100 келіге дейінгі салмақта Нұрлыхан Шархан қолаға қол жеткізді. Нұрлыхан Париж татамиінде Тунис, Украина, Венгрия, Италия балуандарын жеңді. Жартылай финалда жапондық қарсыласқа жол беріп, қола үшін күресте Нидерланд өкілінен басым түсті.
Айта кетелік, Нұрлыхан мен Абылайхан қызылордалық бапкер Қален Қалиұлының төл шәкірттері. Екі спортшы да Азия ойындарында үздік үштікке енген.
