Грек-рим күресінен Қазақстан командасының бас бапкері Қонысбек Төкенов екі рейтингілік турнирден кейін балуандардың нәтижесіне баға берді. Бұл туралы Sportbugin.kz сайты жазады.
Айта кетелік, отандық «классиктер» жыл басынан бері Хорватияның Загреб және Албанияның Тирана қаласында өткен рейтингілік турнирлерге қатысты.
«Бұл екі бәсеке жігіттердің маусым басындағы әлеуетін тексеріп алуға арналды. Бірқатар балуанымыз өз салмағында күрескен жоқ. Мәселен, Демеу Жадыраев, Айдос Сұлтанғали мен Ислам Евлоевтар жоғары салмақтарда белдесті. Маусым орталаған тұста олар үйреншікті салмақтарына оралады. Нәтиже жаман емес, әлі жұмыс істеу керек. Ұлттық құрамадағы бірнеше спорттшының әлеуетін байқадық», — деді Төкенов.
Сондай-ақ, бас бапкер алдағы Азия біріншілігі мен Азия ойындарына қатысты маңызды ақпаратпен бөлісті.
«Сәуірде өтетін Азия чемпионатына соңғы Қазақстан чемпионатында топ жарған жігіттер барады. Әу бастан солай келісілді, сондықтан, рейтингілік турнирлердің нәтижесі бұл жерде әсер етпейді. Ал Азия ойындарын баратын жігіттерге арнайы іріктеу өткіземіз. Сол іріктеуден сүрінбей өткендері ғана құрлықтың кішігірім Олимпиадасында бақ сынайды», — деді команда басшысы.
