
Қазақстан ерлер құрамасы Түркістан облысында 5 ел командаларымен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Осы жиынға келген өзбекстандық әлем чемпионы Жавохир Умматалиев Қазақстандағы жаттығу барысына баға берді, деп жазады Sportbugin.kz
Оның айтуынша, жаттығу залы мен спортшыларға жасалған жағдайлар толық көңілден шыққан. Төрехан Сабырханмен достық қарым-қатынаста екенін айтып, бірге атпен серуендегенін жеткізді. Умматалиев Қазақстан халқының қонақжайлығын ерекше атап өтті.
Өзбекстан өкілі алдағы жарыстарда негізгі бәсеке дәл осы екі ел арасында болатынын айтып, Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары тұрақты түрде жүлделі орындарды сарапқа салады деген сенім білдірді.
Айта кетейік, Шымкент қаласында өткен Ордабасы — Қайсар футбол матчына да өзбек боксшылары арнайы барып, жанкүйер болды. Олардың қатарында Олимпиаданың екі дүркін чемпионы Баходир Жалолов пен Өзбекстан құрамасының бас бапкері Тулкин Киличев бар.
