25-29 наурыз аралығында Чехия астанасы Прагада мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионаты өтеді. Бұл сында Қазақстан намысын Диас Жиренбаев пен Софья Самоделкина қорғайды. Ал ерлер арасындағы тағы екі квотамыз жарамсыз болып қалған, деп жазады Sportbugin.kz.
Бұл туралы белгілі спорт журналисі әрі комментатор Лилиана Әлжанова айтты. Журналистің сөзінше, осы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасына ерлерден 3 квота берілген. Бірақ Қазақстан командасы жарысқа тек бір спортшы жіберіп отыр.
«Былтыр Бостонда (АҚШ) өткен әлем чемпионатында қазақстандық Михаил Шайдоров күміс медаль жеңіп алды. Осы жетістігі арқылы ол Қазақстан құрамасына 3 жолдама алып берді. Яғни, Прагадағы биылғы әлем чемпионатына үш қазақстандық фигурист қатысуы керек еді.
Өздеріңіз білесіздер, Шайдоров Милан Олимпиадасында топ жарған соң, үзіліс алды. Бұл — орынды шешім, өйткені, Миша бір жыл бойы үздіксіз жарыстарға қатысып келді. Енді біздің командадан Прагаға Диас Жиренбаев қана кетті. Ең төменгі техникалық талапты орындаған жалғыз спортшымыз сол боп тұр. Ал ел чемпионатында Диастан да жоғары тұрған Олег Мельников қайда? Басқа спортшыларымыз неге техникалық талаптарды орындамаған? Себебі, ешқандай халықаралық жарыстарға, челленджер санатындағы турнирлерге қатыспаған», — деді Лилиана Әлжанова.
Мәнерлеп сырғанаудан төменгі техникалық талаптарды орындау үшін спортшылар ISU ұйымдастыратын жарыстарға жиі қатысуы тиіс.
«Біз ел чемпионатында жүлдеге іліккен басқа спортшыларымызды жарыстарға жиі қатыстыруымыз керек. Сол кезде олар төрешілердің көзіне түседі, ұпай жинайды. Мәселен, Алматыдағы Денис Тен мемориалына келген төрешілер келесі жарыста болмауы мүмкін. Сондықтан, мәнерлеп сырғанаушылар қазылардың есінде қалып, тиісті ұпайларды жинау үшін барынша көп турнирде бақ сынайды. Өкінішке қарай, қазақстандық мәнерелеп сырғанаушыларды ISU санатындағы додаларға апармаған. Соның салдарынан, Жиренбаевтан басқа әлем чемпионатының нормативін орындаған ешкім жоқ. Ал қалған екі квотамыз босқа күйіп кетті», — деп ашынды журналист.
Айта кетелік, Прагадағы әлем чемпионатына әлемнің 39 мемлекетінен 173 спортшы қатысады.
