
Қазақстан ұлттық құрамалары алғаш рет толық спорттық киім жиынтығымен қамтамасыз етіле бастады. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі хабарлады, деп жазады Sportbugin.kz
Жаңартылған жүйе бойынша енді спортшылар тек жарыс формасымен ғана емес, жаттығу мен дайындыққа қажетті барлық киіммен қамтылады.
Биыл әрбір спортшыға қысқы және жазғы толық жиынтық ұсынылып отыр. Экипировка халықаралық Under Armour брендімен жасалған келісім аясында жеткізілуде. Жиынтыққа 18 түрлі киім кіреді, оның ішінде бірнеше аяқ киім, спорттық костюмдер, жейделер және сыртқы киім бар.
Дзюдодан Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев бұл бастама спортшыларды біріктіріп, ортақ рух қалыптастыратынын атап өтті.
Қазірдің өзінде жаңа форма жеңіл атлетика, бокс, дзюдо, семсерлесу және шорт-трек құрамаларына табысталған.
