Белгілі бокс бапкері, әлем чемпионы Галиб Жафаровтың жеке жаттықтырушысы Әлімбек Балмағанбетов бүгін жеңіліс тапқан Санжар Тәшкенбайға қатысты пікірін айтты, деп жазады Sportbugin.kz.
Маманның айтуынша, бұл жекпе-жекте Санжарға дұрыс тактика қойылмаған.
«Тактика дұрыс қойылмаған, сол үшін жеңілді. Санжар үнемі екінші номермен жұдырықтасып, қарсыласын күтіп алатын. Бұл жолы өзі алға жүріп кетті. Осыны үнділік боксшы өз пайдасына жаратқанын көрдік. Тәшкенбай екінші номермен жұмыс істегенде, бәрін жеңетін еді. Қателік сол тактикадан кетіп тұр.
Ал нокдаунға келер болсақ, егер құлап қалмаса, санамауға болатын. Бірақ құлады, қолы жерге тиді. Сондықтан, төрешімен дауласа алмаймыз. Үнділік боксшы да тәжірибелі екен, өте жинақы жұдырықтасты. Мүмкін, біздің Санжар қарсыласын бағаламады ма екен?! Бұрын бір рет жеңгесін, тағы да ұтып аламын деген ой болған шығар?… Бұл кездесуде Тәшкенбай өз боксын жоғалтып алды. Негізі, Азияда бізді жеңетін өзбектер мен үнділер ғана ғой.
Оның үстіне, Санжар Тәшкенбай ұлттық құраманың бас бапкері Нұржан Насановтың төл шәкірті. Нұржан бүкіл команданы басқарып отырған соң, игере алмай қалды ма деген ой да бар. Себебі, бұрынғыдай тек Санжарға емес, бүкіл боксшыға көңіл бөледі. Ал Санжар екі дүркін әлем чемпионы болған соң, оған бәрі де ерекше дайындықпен шығады.
Енді бұл жеңіліс Санжарды қамшылай түсу керек. Ол бұдан да мықты болып оралады», — деді Балмағанбетов.
Айта кетелік, Ұланбатырдағы (Моңғолия) Азия чемпионатында Санжар Тәшкенбай үнділік боксшыға 0:5 есебімен жол берді.
Фото: Olympic.kz
