
Жастар арасындағы әлем чемпионы Бексұлтан Боранбектің жеке бапкері, белгілі бокс маманы Мұхтар Бердімбетов Моңғолиядағы Азия чемпионатына қатысты пікір айтты, деп жазады Sportbugin.kz.
«Азия чемпионатына Қазақстан бірінші құрамды алып барды. Негізі, бірінші құрамды Азия ойындарына сақтау керек еді деп ойлаймын. Өзбекстандықтар тура солай жасап отыр.
Ал енді нәтижеге келер болсақ, қазір біздің боксшыларымыз ешкімнен кем емес. Тек басшылар бапкерді қалаған уақытында ауыстыру арқылы қайтадан артқа апарып тастауда.
Өзбекстанды қарашы Толқын Қылышевтың басқарып отырғанына қанша жыл болды. Олар күнде ауыстырып жатыр ма?!
Біз кеңес бокс мектебін жоғалтып алдық. Кеңес боксында бапкердің ролі маңызды еді. Бір бапкерді сайласа, соған 4-5 жылға дейін мүмкіндік беретін. Себебі, бокс бүгін келіп, ертең нәтиже беретін спорт емес. Мұнда жүйе мен уақыт керек.
Қазіргі бас бапкер Нұржан Насановты жақсы танимын. Санжар сияқты екі дүркін әлем чемпионын шығарған маманның мықты екені сөзсіз. Бірақ Олимпиада жақындап қалған соң, қысқа мерзімде қандай нәтиже болады деген алаң бар көңілде.
Бұл жерде бапкер мен боксшының кінәсі жоқ. Бұл жерде федерация басшылары қателік жасап отыр», — деді Бердімбетов.
