Каратэден WKF нұсқасы бойынша әйелдер арасындағы әлемдік рейтинг тағы да жаңарып, үздіктер қатары қайта айқындалды, деп жазады Sportbugin.kz
Бұл тізімде бірден үш қазақстандық спортшы өз салмақ дәрежесінде әлемдік рейтингтің көшін бастап тұр.
50 келіде Мөлдір Жаңбырбай, 61 келіде Әсел Қанай және +68 келіде Софья Берульцева үздік нәтиже көрсетіп, бірінші орынға жайғасты.
Мөлдір Жаңбырбай жүктілігіне байланысты бір жылға жуық уақыт бойы жарыстарға қатыспаса да, ұпай саны бойынша бірінші орында тұр.
Әсел Қанай биылғы Премьер-лига турнирлерінен тұрақты түрде жүлде алып келеді.
Ал Софья Берульцева қатарынан үш Премьер-лига додасында топ жарып, Grand Winner атағын алуға бір қадам жақындады.
