Серік Сәпиев Қарағанды облысының спорт басқармасындағы қызметінен кетуіне өңір спортындағы заңсыз әрекеттер себеп болғанын айтты. Бұл туралы ол «Почему не я» бағдарламасында мәлімдеді, деп жазады Sportbugin.kz.
Сәпиевтің айтуынша, дау бұрынғы орынбасарының «кадр ротациясы» төңірегіндегі әрекеттерінен басталған.
Оның адамдарды қызметке орналастыру арқылы пайда тапқанын меңзеп, бұл мәселені тоқтатуға тырысқанын жеткізді.
«Ол заңсыз әрекеттер жасады. Мен соны тоқтатқым келді. Кадр ротациясы бойынша. Яғни адамдарды қызметке орналастырудан ақша тапты. Осымен шектелейік», — деді.
Серік Сәпиев бұрынғы орынбасарын алдымен жұмыстан шығарғанын, аталған жайт бойынша Антикорға анықтамалық ақпарат жолдағанын, соның негізінде іс қозғалғанын айтты. Кейін бұрынғы орынбасарымен байланыс орнатпағанын да атап өтті.
