Қазақстандық регбишілер Азия чемпионатында күміс медаль иеленді, деп жазады Sportbugin.kz.
Алматы қаласында өткен Asia Rugby Emirates Women’s Championship турнирінде Қазақстан әйелдер құрамасы сәтті өнер көрсетіп, құрлық біріншілігінің күміс жүлдесін жеңіп алды.
Екінші орын тағдырын шешкен маңызды кездесуде отандастарымыз Гонконг құрамасына қарсы алаңға шықты. Тартысқа толы матчта екі команда да аянып қалмай, жанкешті ойын көрсетті.
Нәтижесінде кездесу 26:26 есебімен тең аяқталды. Алайда қосымша көрсеткіштер бойынша Қазақстан құрамасы турнирдің күміс медаліне қол жеткізді.
Ал чемпиондық атақты Жапония құрамасы мерзімінен бұрын қамтамасыз етті. Жапон спортшылары Қазақстанды 64:12, ал Гонконгты 72:12 есебімен ұтып, алтын жүлдені иеленді.
Осылайша, ел намысын қорғаған аруларымыз өз алаңында өткен беделді додада жоғары деңгейдегі ойын көрсетіп, Азиядағы мықты құрамалардың қатарында екенін тағы бір рет дәлелдеді.
