Әлем чемпионы Ризабек Айтмұханның әкесі әрі бапкері Қанат Жолдасбаев балуанның ел кубогындағы жеңісіне, PWL және RAF лигаларындағы белдесулеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Бапкердің айтуынша, Ризабек әлем чемпионы болған соң, сол статусты ұстап тұруға тырысады.
«Қазақстан кубогында Ризабек сенімді түрде жеңіске жетті. Бірақ бұл қарсыластар әлсіз дегенді білдірмейді. 2005-2006 жылы туылған балуандар өсіп келе жатыр. Олардың арасынан міндетті түрде мықты қарсылас шығады. Оның үстіне, әлем чемпионы болған соң, сол деңгейді ұстап тұру керек», — деді Қанат Жолдасбаев.
Сондай-ақ, балуанның әкесі спортшының PWL және RAF лигаларындағы белдесулеріне баға берді.
«Мұндай жобалар бізге өте қажет. RAF турнирінің деңгейі өте жоғары, ұйымдастырылуы да бөлек. Снайдермен кездесуге келер болсақ, бұл кезде отбасымызда ауыр жағдай орын алды. Менің әкем, Ризабектің атасы өмірден озды. Бұл жағдай өте ауыр тиді. Белдесуге стресстік жағдайда шықтық. Десе де, Кайлға лайықты қарсылық көрсеттік. Біз өз жолымызбен келе жатырмыз, бәрі уақытымен болады», — деді Қанат Жолдасбаев.
