Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың келісімшартына қатысты жағдай жөнінде журналистердің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Мырзабосыновтың сөзінше, қазіргі уақытта спортшының төлемдеріне қатысты мәселе толық шешілген.
«Михаил Шайдоровтың келісімшартына қатысты мәселе толықтай реттелді. Келісімшарт талаптары түсіндіріліп, құжатқа қол қойылды. Айта кету керек, бұл — тек олимпиада чемпиондарына емес, барлық спортшыларға арналған стандартты келісімшарт.
Ол халықаралық тәжірибе негізінде, Допингке қарсы агенттік пен Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдарына сәйкес әзірленген. Бұқаралық ақпарат құралдарының қысымына қарамастан, біз бір спортшы үшін жеке келісімшарт жасай алмаймыз. Барлық келісімшарттарда бірдей талаптар қарастырылған», — деді министр.
Журналистердің «Бұл жағдай қалай туындады? Біреу жауапкершілікке тартыла ма?» деген сұрағына министр:
«Біз Михаилмен бірге мәселені қарап шығып, қорытынды жасадық. Шынында да, екі тараптан да менеджерлер мен орындаушылар арасында коммуникацияда кемшіліктер болды. Келісімшарт талаптары дұрыс түсіндірілмегендіктен, осындай жағдай орын алды.
Бүгінде Михаилға қатысты мәселе толық шешілді деп есептеймін және бұл тақырыпқа нүкте қоюды ұсынамын. Қазір спортшылардың жаңа маусымға дайындыққа назар аударғаны маңызды», — деп жауап берді.
