Танымал бапкер Тұрсынғали Еділов Азия ойындарында 70 келіде Қазақстан намысын кім қорғайтыны туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Маманның айтуынша, Азия ойындары алдындағы басты сұрақ — Төрехан Сабырхан өнер көрсете ме, әлде Абылайхан Жүсіповке сенім артыла ма деген мәселе.
«Екеуінің де артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Төрехан — жас әрі болашағы зор, бірақ Азия чемпионатының финалында жеңіліп қалды. Ал Абылайхан тәжірибелі, алайда Олимпиадада екі мүмкіндік алғанымен, екеуінде де жоғары нәтиже көрсете алмады. Бұл шешімді бас бапкер Нұржан Насанов қабылдайды және таңдау оңай болмайтыны анық», — деді Еділов.
Сондай-ақ тәжірибелі маман Абылайхан Жүсіповтің Әлем кубогындағы жеңісі оның жақсы демалып, дұрыс дайындалғанының нәтижесі екенін атап өтті.
«Абылайханның чемпион атануы бір ақиқатты дәлелдеді: боксшы ең алдымен тың әрі жақсы демалған болуы керек. Ол жарты жылдық үзілістен кейін тамаша бабына келіп, мықты қарсыластарын жеңді. Бұл боксшыларды тоқтаусыз оқу-жаттығу жиындарына қатыстырудың дұрыс еместігін тағы бір мәрте көрсетті», — деді ол.
Еділовтің пікірінше, Азия ойындарында жоғары нәтиже көрсету үшін шешуші фактор — спортшының жарысқа тың күйде және сапалы дайындықпен келуі.
