ФИФА 2026 жылғы әлем чемпионатында «матч үздігі» (Player of the Match) жүлдесін табыстау тәртібіне ерекше өзгеріс енгізді, деп жазады Sportbugin.kz.
Бұл шешім футболшылардың діни және мәдени көзқарастарына құрмет ретінде қабылданған.
Дәстүр бойынша матчтан кейін үздік ойыншы арнайы кубокпен марапатталып, бренд логотипі бар көк фон алдында суретке түседі. Турнирдің демеушісі — америкалық алкоголь өнімдерін шығаратын Michelob ULTRA бренді.
Алайда кейбір футболшылар үшін бұл нұсқа ұсынылмайды. Мәселен, Мохамед Салах және тағы бірнеше ойыншы пиво бренді көрсетілген фоннан бас тартып, бейтарап дизайндағы нұсқаны таңдаған. Бұл фон тек «Superior Player of the Match» деген жазудан және әлем чемпионатының эмблемасынан тұрады.
ФИФА-ның мәліметінше, мұндай балама нұсқа ойыншының өтініші бойынша ұсынылады. Негізгі себеп – діни сенім және алкоголь өнімдерін насихаттаудан бас тарту. Сонымен қатар, бұл нұсқа кәмелет жасына толмаған футболшылар үшін де қолданылады.
Салахтан бөлек бұл форматты Исмаэль Коне, Рамин Резаеиан, Эмам Ашур және тағы басқа бірқатар ойыншы қолданған.
