Threads әлеуметтік желісінде бокстан әлем чемпионы Теміртас Жүсіповтің әйеліне қол көтергені туралы жазба жарияланды, деп жазады Turar media порталына сілтеме жасаған Sportbugin.kz.
Жәбірленушінің әпкесінің айтуынша, оқиға 29-30 маусым немесе 1 шілде аралығында болған. Оның сөзінше, спортшының жұбайы ауруханаға жеткізілген.
Ресми мәлімет бойынша, әйелге ми шайқалуы, жабық бас-ми жарақаты, дене көгерулері мен сырылған жарақаттар диагнозы қойылған. Хирургиялық көмек қажет болмаған, келесі күні ол емделуден өз еркімен бас тартқан.
Өңірлік полиция департаменті оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын және тергеу жүргізіліп жатқанын растады.
Өз кезегінде Теміртас Жүсіпов жанжал болғанын мойындады.
“Мұндай жағдай болды. Екі рет шапалақпен ұрдым, ал ол мені тепкен кезде бірнеше мәрте аяғынан ұрдым. Ол да мені ұрып-соққан, бұл бірінші рет емес. Кейін кілтпен көзімді шығармақ болды. Шыдамым таусылып, тоқтаттым. Сонымен қатар, қайшымен жарақаттауға оқталды», — деді спортшы.
Оның айтуынша, жұбайы бұрын еркін күрес және ауыр атлетикамен айналысқан. Сондай-ақ, боксшы өз отбасындағы жанжалдың ұзақ уақыттан бері жалғасып келе жатқанын айтты.
«Мен үнемі түсіндіруге, үйден шығып кетуге, жанжалдан қашуға тырыстым. Өзім де әйелге қол көтеруге болмайтынын білемін. Бірақ таныстарымыз бен көршілеріміз шындықты жақсы біледі. Маған бірнеше рет ажырасуға кеңес берген», — деп мәлімдеді Теміртас Жүсіпов.
Ал Жүсіповтың әйелінің туыстары тергеу жұмыстарының әділ жүргізілмеуіне алаңдаушылық білдіріп отыр. Олардың мәліметінше, Теміртас Жүсіпов оқиғадан кейін небәрі бес сағаттан соң босатылған.
Сондай-ақ, жәбірленушінің айтуынша, спортшы бостандыққа шыққаннан кейін де оған қоқан-лоқы көрсеткен.
“Ажырасқан жағдайда өлтіретінін, барлық жерде байланыстары бар екенін айтқан. Балаларды тартып алу үшін оны психикалық тұрғыдан сау емес адам ретінде көрсететінін жеткізген», — дейді әйелдің әпкесі.
Айта кетейік, Теміртас Жүсіпов — бокстан әлем және Азия чемпионы, Қазақстанның 8 дүркін жеңімпазы.
