Белгілі бокс менеджері әрі промоутер Жанпейіс Назарғали кәсіби бокс федерациясының жұмысына қатысты өткір мәлімдеме жасады, деп жазады Sportbugin.kz.
Менеджер ұйым басшылығын әділетсіздік пен қысым көрсетті деп айыптады. Федерация тарапынан боксшылардың құқықтарын шектеу, лицензиядан айыру, санкция бермеу, кәсіби қызметіне кедергі келтіру және түрлі қысым көрсету фактілері жиілеген.
«Кәсіпқой бокстағы мансабыма уақытша “қош бол” деуге тура келіп тұр. Себеп көп, кетуге мәжбүрміз. Федерация тарапынан жасалып жатқан әділетсіздік, боксшының құқығын таптау, лицензиядан айыру, санкция бермеу, аяқтан шалу, көреалмаушылық, жамандау — себеп жетеді. Федерация басшылығының білімсіздігін айтпағанның өзінде.
Қорқыту мен үркіту, айдап салу арқылы ештеңе шеше алмайсыздар дегім келеді. Бар шындық бір күні бәрібір айтылады. Бәрінің де маскасы шешіледі. Ол күн де алыс емес деп сенемін. Кресло мен билік мәңгілік емес», — деп жазды Назарғали әлеуметтік желідегі парақшасында.
