Дүниежүзілік бокс ұйымы Жәнібек Әлімханұлына қатысты допингтік дисквалификацияны ресми түрде жойды, деп жазады Sportbugin.kz.
Әлімханұлы 2025 жылы желтоқсанда Эрисланди Ларамен жекпе-жек алдында алынған допинг сынамасынан кейін бір жылға спорттан шеттетілген еді. Алайда WBO-ның жаңа шешімінен кейін Әлімханұлы рингке жоспарланған мерзімнен әлдеқайда ертерек орала алады.
WBO ресми сайтында жарияланған құжатта комитет екі тараптың да уәждерін қарастырып, Әлімханұлының дисквалификациясын жою туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.
«Комитет екі тараптың да дәлелдерін құрметпен және ешқандай біржақтылықсыз қарастырды. Боксшылардың ешқайсысының жетістігін төмендету мақсатымыз жоқ. Мәселе олардың WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағы үшін таласуға лайық немесе лайық еместігінде емес. Екі спортшы да салмақты дәлелдер ұсынды. Мәселе — WBO-ның қолданыстағы ережелері мен барлық жағдайларды ескере отырып, кімнің міндетті үміткер болып тағайындалуға заңды құқығы бар екенінде», — делінген құжатта.
Әлімханұлы бұған дейін орта салмақта жұдырықтасуы тиіс болған Хамза Ширазбен қайта кездесуі мүмкін. Британдық боксшы бір жыл бұрын суперорта салмаққа көтеріліп, WBO белбеуін иеленген еді.
Жәнібек 76 келіге ауысатынын мәлімдегеннен кейін WBO рейтингінде екінші орынға көтерілген болатын. Енді ол осы салмақтағы чемпиондық белбеуге міндетті үміткер атанды.
Осылайша жанкүйерлер көптен күткен Жәнібек Әлімханұлы мен Хамза Шираз арасындағы жекпе-жек биыл өтуі әбден мүмкін.
