Батыс Қазақстан облысында ел намысын абыроймен қорғап жүрген каратэшілері мен олардың жаттықтырушылары марапатталды, деп жазады Sportbugin.kz.
Облыс әкімінің орынбасары, облыстық каратэ WKF федерациясының президенті Мирас Мулкай жоғары нәтиже көрсетіп жүрген спортшылар және олардың бапкерлерімен кездесті.
Кездесу барысында спортшылардың жетістіктері атап өтіліп, чемпиондарды тәрбиелеп жүрген жаттықтырушылардың еңбегіне де ерекше құрмет көрсетілді.
Атап айтқанда, Индонезияның Бали қаласында өткен Азия чемпионатында үш дүркін чемпион атанған, Азия ойындарына қатысқан Жоламан Биғабыл мен пара-каратэден үш дүркін Азия чемпионы Назгүл Ізмағанбетова марапатталды.
Сондай-ақ Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия чемпионатында жүлдегер атанған Оразмұханбет Болатхан, Дана Құрақбаева, Алина Сатқанова және чемпион атанған Ардақ Қартпаеваға құрмет көрсетілді.
Жиын барысында спортшыларды жеңіске жетелеп, олардың кәсіби шеберлігін шыңдауға үлес қосып жүрген жаттықтырушылар да марапатқа ие болды.
Жергілікті билік өкілдері спортшылар мен бапкерлерге алдағы жарыстарда сәттілік тілеп, Батыс Қазақстанның спорттағы абыройын асқақтататын жаңа жеңістерге жетулеріне сенім білдірді.
