Әйелдер күресінен Қазақстан командасы Париждегі Олимпиада ойындарына қатыспайды. Себебі, біздің бірде-бір спортшымыз іріктеуден өткен жоқ. Осыған орай, әлем чемпионатының қола жүлдегері, бұрынғы құрама мүшесі Айым Әбділдина өз пікірін білдірді, деп жазады Sportbugin.kz.
Әйелдер күресінен Қазақстан командасының Олимпиадаға бірде-бір жолдама алмауының себебі – шетелде өтетін жаттығу жиындарының аздығы мен бапкерлер біліктілігінің төмендігі. 2016 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия біріншілігінде алты рет жүлде алған Айым Әбділдина осындай пікірде.
«Менің күрестен кеткеніме көп болды. Қазір мемлекеттік жаттықтырушы болып қайта оралдым. Қыздарымыздың Париж Олимпиадасына қатыспайтыны жанымызға батады. Бірақ амал жоқ. Қазіргі деңгей – осындай. Меніңше, ең бірінші кезекті бапкерлердің біліктілігін арттыру керек. Бәрі ескі әдіс-тәсілдермен жұмыс істейді. Бізге жаңашылдық керек деп ойлаймын.
Екіншіден, тәжірибелі балуандар командадан кеткен соң жаңа буыннан жарқырап ешкім шыққан жоқ. Жәмила Бақбергенова ғана жетістігімен қуантты. Қалған жас спортшылар өз әлеуетін көрсете алмады. Яғни, бізде резерв мәселесі әуелден бар.
Үшіншіден, әйелдер күресі бізде айтарлықтай жақсы дамымаған. Біз күресіп бастағанда да жағдай осындай еді. Бірақ біздің буынның өкілдері шетелде, тіпті мына Ресей мен Беларусьта өтетін жаттығу жиындарына көп қатысты. Солармен төбелесіп жүріп, күресуді үйреніп алғанбыз. Бұлай айтсам, бапкерлер ренжитін шығар. Алайда бұл – шындық.
Ал қазіргі құраманың қыздарын шетелдегі жарыстар мен жаттығу жиындарына апармайды. Нәтиженің төмендеуіне осы да үлкен себеп. Қаражат бөлініп жатыр, соны ретімен игеру керек», – дейді мемлекеттік жаттықтырушы, әйелдер күресінен ұлттық құраманың бұрынғы мүшесі Айым Әбділдина.
Әйелдер күресінен Қазақстан командасының өкілдері Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарына, Бішкектегі және Ыстанбұлдағы лицензиялық турнирлерге қатысып, жолдамаға қол жеткізе алған жоқ.
Бұл әйелдер құрамасының ең нашар нәтижесі саналады. Бір қызығы, лицензия жоқтығына қарамастан команда басшылығында еш өзгеріс жоқ.