Еркін күрестен Қазақстан командасының мүшесі Талғат Сырбаз допинг қолданғаны үшін 3 жылға спорттық жарыстардан шеттетілді, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Бұл туралы Қазақ ұлттық допингке қарсы орталық мәлімдеді.
Талғаттың сынамасынан спортшыларға қолдануға тыйым салынған дростанолон препараты табылды.
Енді ол 2024 жылдың 30 сәуірінен 2027 жылдың 30 сәуіріне дейін кілемге шыға алмайды.
Айта кетелік, Талғат Сырбаздың допинг дауына іліккені жайлы ақпарат Түркияда өтетін әлемдік іріктеу турнирінің қарсаңында шықты.
Бапкерлер Сырбазды 74 келі салмақта іріктеуге қатысады деп жариялаған. Алайда, жарақатына байланысты тізімнен алып тастап, орнына Нұрғожа Қайпановты жіберді.
Еркін күрес шеберінің допинг қолданғанын ұлттық допингке қарсы орталық растады.
Талғат Сырбаз еркін күрестен 70 келі салмақта Азия чемпионы әрі Азия біріншілігінің қола жүлдегері атанған.
Ол соңғы олимпиадалық циклде 74 келіге ауысқан болатын. Спортшы Атырау облысының намысын қорғап келді.