Түркияда доп теуіп жүрген 17 жастағы қазақстандық футболшы Диярхан Қарабалиновтың әкесі ұлының футболдағы жолы мен болашағы туралы айтты. Бұл туралы Asnews.kz сайтына сілтеме жасаған Sportbugin.kz хабарлады.
Диярхан футболдағы алғашқы қадамын Оралдағы «Football Kids» клубында бастаған. Кейін «Astana Junior» сапында ойнап, 2020 жылы Түркияға аттанды. Жас ойыншыны Alanyaspor бірден қабылдап, бүгінде ол U-17 құрамасынан U-19 командасына дейін көтерілді.
Әкесінің айтуынша, Диярхан маусым бойы тұрақты ойын тәжірибесін жинап, өзінен үлкен қарсыластарға қарсы ойнады.
Сонымен қатар, жас ойыншының мақсаты — Еуропаның топ-клубтарының бірінде өнер көрсету. Оның сүйікті командалары — Real Madrid мен Bayern Munich.
«Қазақстанға қайту туралы сұрадым. Бірақ ұлым елге оралғысы келмейді. Ол не Түркияда қалуды, не одан әрі Батыс Еуропаға кетуді қалайды», — дейді Әзілхан Қарабалинов.
Айта кетейік, Диярхан Қарабалинов 2019 жылы Германияның Hamburg қаласында өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы атанған.
