2025 жылдың соңында Қазақстан күрес федерациясында үлкен ауыс-түйіс болып, ұзақ жылдар ұйымды басқарған Дәулет Тұрлыханов қызметінен кеткен болатын. Осы орайда жаңа президент Еркін Оқасовтың жетекшілігімен өткен алғашқы жартыжылдықтағы нәтижелерге назар аударуды жөн көрдік.
Жыл басындағы алғашқы рейтингтік турнир Албанияда өтті. Қазақстан құрамасы жалпы 11 медаль жеңіп алғанымен, негізгі салмақты әйелдер құрамасы көтерді.
Әйелдер күресінде Зейнеп Баянова (50 келіге дейін), Лаура Алмағанбетова (55 келіге дейін) және Жәмилә Бақбергенова (72 келіге дейін) чемпион атанды. Нилуфар Раимова (57 келіге дейін) мен Гүлмарал Еркебаева (76 келіге дейін) қола медаль иеленді.
Грек-рим күресінде Мейіржан Шермаханбет (67 келіге дейін) алтын медаль жеңіп алды. Марлан Мұқашев (55 келіге дейін) пен Ернұр Фидахметов (63 келіге дейін) үздік үштікке енді.
Еркін күресте Болат Сақаев (86 келіге дейін), Азамат Дәулетбеков (92 келіге дейін) және Ризабек Айтмұхан (97 келіге дейін) қола жүлдемен шектелді.
Алайда сәуір айында Бішкекте өткен Азия чемпионатында нәтиже көңіл көншітпеді. Қазақстан құрамасы құрлық біріншілігін небәрі бір алтын және алты қола медальмен аяқтады. Жалғыз алтын жүлде грек-рим күресіне тиесілі, ал әйелдер мен еркін күрес өкілдері алтынсыз қалды.
Вьетнамда өткен U17 және U23 Азия чемпионатында қазақстандық балуандар жалпы есепте 22 медаль жеңіп алды. Оның жетеуі — алтын, оны күміс, бесеуі — қола. Бұл нәтиже резервтің бар екенін көрсеткенімен, ересектер құрамасының мәселесін толық шешпейді.
Маусым айында Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өткен рейтингтік турнирде Қазақстан құрамасы 12 медаль олжалады. Еркін күресте Асыл Айтақын (61 келіге дейін), Азамат Дәулетбеков (92 келіге дейін) және Едіге Қасымбек (125 келіге дейін) күміс жүлдегер атанды. Мейрамбек Қартбай (57 келіге дейін), Әділет Әлмұхамедов (61 келіге дейін), Шамсат Таир (79 келіге дейін) және Болат Сақаев (86 келіге дейін) қола медаль жеңіп алды.
Грек-рим күресінде Нұрасыл Аманалы (97 келіге дейін) күміс медаль иеленсе, Еркебұлан Ардақов (63 келіге дейін) пен Олжас Сырлыбай (130 келіге дейін) қола жүлдеге қол жеткізді.
Әйелдер арасында Нилуфар Раимова (57 келіге дейін) мен Эльмира Сыздықова (76 келіге дейін) үздік үштікті түйіндеді.
Жалпы, жартыжылдық қорытындысында құраманың халықаралық ареналардағы алтын жүлделері саусақпен санарлық деңгейде қалып отыр.
Сонымен қатар, жартыжылдықта бірқатар өңірлік федерацияларда басшылық ауысты. Бұдан бөлек, федерация құрылымында медиа саласына жауапты вице-президент қызметі пайда болды. Бұл бағытқа танымал блогерлер мен жайдарманшылардың тартылуы күресті насихаттаудың жаңа тәсілі ретінде ұсынылды. Соңғы уақытта күресте ММА жарыстарының жарнамасы мен аралас жекпе-жекке қатысты материалдардың да жиі көріне бастауы назар аудартпай қоймайды.
Алайда жанкүйерлер үшін әлеуметтік желідегі белсенділіктен бұрын халықаралық аренадағы алтын медальдардың көбейгені маңыздырақ екені сөзсіз.
