2026 жылдан бастап Олимпиада ойындарына қатысқан әрбір спортшы 10 мың доллар көлеміндегі арнайы грант алуға өтініш бере алады, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Бұл туралы Лозаннада өткен ХОК сессиясында ұйымның Спортшылар комиссиясының төрағасы, атақты испан баскетболшысы Пау Газоль мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл төлем жүлдегерлерге ғана емес, Олимпиадаға қатысқан барлық спортшыларға арналған. Грант спортшылардың көп жылғы еңбегі мен құрбандығына көрсетілген құрмет ретінде қарастырылады және сыйақы болып саналмайды.
Алайда грантты алу үшін спортшы допингке қарсы ережелерді, ХОК-тың этикалық кодексін және Олимпиадалық хартия талаптарын бұзбаған болуы тиіс.
